Биыл астық қоймалары жаңа өнімді қабылдауға дайын ба

Биыл астық қоймалары жаңа өнімді қабылдауға дайын ба

Қазақстандағы астық қоймалары 30 млн тонна өнім сақтай алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде егін орағын талқылау кезінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл егін жинау науқанында ауа райы жайсыз болуына қатысты фермерлер кейбір кедергілерге тап болғанына тоқталған вице-министр: «Жамбыл және Павлодар облыстарында болған қатты ыстық пен судың аздығы солтүстіктегі ұзақ жаңбырға ұласты. Айта кетсек, егін егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып, оңтайлы уақытта жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында септі, дақылдарды арамшөптер мен ауруларға қарсы химиямен уақытында өңделді. Жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық қажет техниканы дайындады», - деді.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін 426 мың тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны, оның ішінде 58 мың тонна жем-шөп дайындау жұмыстарына бөлінді. Дизель отынының бұл көлемі Энергетика министрлігімен бірлесіп келісілді және кестемен бекітілді. Барлық шығынды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға литріне 250 теңге болады. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайыз төмен.

«Республикада астық сақтайтын нысандардың жалпы сыйымдылығы – 29,9 млн тонна. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 13,1 млн тоннаны, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 16,8 млн тоннаны сақтау мүмкіндігі бар. Облыс әкімдіктері астық қоймаларының жаңа өнімді қабылдауға дайындығын қамтамасыз етті», - деді вице-министр.