Алматыда «Жасыл аула» ағаш егу науқаны басталды

Алматыда қалалық экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқанының басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

көшет
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

“20 қыркүйектен бастап қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты көшеттерді алуға өтінімдер қабылданады. Көшеттер тегін беріледі. Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет бөлінеді. Бұл ретте өтініш беруші отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоюы тиіс. Өтінімдерді қабылдау 1 қазанға дейін жалғасады. Көрсетілген уақыттан кейін жолданған өтініштер қабылданбайды”, - деп хабарлады Алматы қалалық экология және қоршаған орта басқармасы.

“Жасыл аула” науқанына қатысу үшін Jasyl.aula.almaty@gmail.com электронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:
1. Қатысушының аты-жөні, телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы;
2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн);
3. Сұралып отырған көшет саны.
7, 8, 14, 15 қазан күндері Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында көшеттерді тарату жоспарланған. Отырғызылған көшеттердің фото есебін жіберу қажет.

Қосымша ақпаратты Алматы қалалық экология және қоршаған орта басқармасының Жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімі, +7707 724 9697 байланыс нөмірінен білуге болады.