Орталық сайлау комиссиясы Вера Кимді Мәжіліс депутаты ретінде тіркеді

Вера Ким
Фото: ҚР ОСК

Орталық сайлау комиссиясы (ҚР ОСК) Вера Кимді Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеді. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР ОСК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен ведомство отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты В.А. Кимді тіркеу туралы» қаулы қабылданды.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының бос мандаты «Amanat» партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Вера Александровна Кимге берілсін, - делінген қаулыда.

Депутаттың өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталатыны атап өтілді.

Нұрлан Әбдіров В. Кимге белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыстап, оған депутаттық корпустағы жұмысына сәттілік тіледі.

Еске салайық, кеше «Amanat» партиясының Саяси кеңес бюросы Парламент Мәжілісі депутатының партиялық тізім бойынша бос мандатын Вера Кимге беру туралы қаулы шығарып, бұл шешімді Орталық сайлау комиссиясына жіберді.

Вера Александровна Ким 1982 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.

2003 – 2012 жылдар аралығында Павлодар қалалық әлеуметтік-волонтерлік орталығында, «Әлеуметтік-волонтерлік орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінде, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінде түрлі қызмет атқарды.

2012 жылы «Ұлттық волонтерлік желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы.

2017-2021 жылдары «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының үлестіру агенттігінің басшысы.

2021 – 2023 (қаңтар) жылдар аралығында – «Amanat» партиясы атынан Мәжілістің VII шақырылым депутаты.