Ауылды жерлерде баспана құрылысының қарқыны қалай
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстан ауылдарында 12 184 тұрғын үй пайдалануға берілген, олардың жалпы сомасы – 304,1 млрд теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық статистика бюросынан мәлім еткендей, 12 184 үйдің ішінде 12 020 – жеке үйлер, 146 – көппәтерлі баспаналар, қалған 18 – жатақханалар.
Өңірлер арасында салынып біткен тұрғын үйлердің ауданы бойынша Алматы облысы көш бастап тұр – 557,3 мың шаршы метр. Одан кейінгі орындарда Түркістан облысы (273,7 мың м2) мен Қызылорда облысы (271,2 мың м2) орналасқан.
Өсім қарқыны бойынша Ұлытау облысы алға шығып отыр. Онда өткен жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда салынған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 52,8% ұлғайды.
Керісінше, баяу қарқын Қарағанды облысында байқалды – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,6% аз.
Сонымен қатар биылғы сегіз айда ауылды жерлерде 40 білім беру және денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 17 орта мектеп – 4,5 мың орындық, мектепке дейінгі 14 мекеме – 1,1 мың орындық және 9 дәрігерлік амбулатория.