Арман Дәулетияров «Шабыт» орталығы туралы: Ел арасында хейт бар екенін білемін
Белгілі шоумен, тележүргізуші Арман Дәулетияров Астанадағы «Шабыт» ұлттық өнер университетінің ғимараты мен «Тәуелсіздік» сарайындағы жөндеу жұмыстары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Арман Дәулетияров Астананың көркі туралы ой қозғай келіп, жөндеу жүріп жатқан ғимаратқа тоқталды.
«Күрделі жөндеуден өтіп шатқан «Шабыт» ғимараты бар. Керемет, таңғажайып нысан. Жанында «Тәуелсіздік» сарайы бар. Ол жерде де күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұл мәселеге байланысты ел арасында хейт бар екенін білемін. Достар, бұл ғимараттарға назар аударылғанына қуану керек. Кеше осы индустрияда жұмыс істейтін әріптестерді көрдім. Олар бұл күнге де жеттік деп отыр. Бәрі әдемі болу керек – сырты да, іші де. Келісесіздер ғой. Астана әдемі ғой, мақтанам», - дейді Арман Дәулетияров.
Бұған дейін Қазақ ұлттық өнер университетінің басшылығы білім ордасының ғимараты бұзылып жатқаны туралы алыпқашпа ақпараттарды теріске шығарған болатын.
Сондай-ақ оқу орнының ресми сайты университет басқа ғимаратқа көшіріліп жатқанын мәлім еткен еді.
Студенттер «Шабыт» орталығының шатырынан үнемі су ағатынын айтып, билік назарын осы проблемаға аудару үшін түрлі іс-шаралар өткізіп келгенін еске салайық. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының қатысуымен ЖОО ғимараты алдында «Шелек шабытты құртады» атты флешмоб та өтті.