Жұмыстан босатылған Астана мектебінің директоры жаңа қызметке тағайындалды
Бір жыл бойы оқушыларға сабақ өткізбегені үшін жұмысынан босатылған Астанадағы мектептің директоры жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мұхаметжанова Арай Әукенқызы қазіргі уақытта С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде оқу жөніндегі директордың орынбасары болып жұмыс істейді. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабы 1-тармағына сәйкес білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыруда дербес саналады», - делінген ресми хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, бұрынғы мектеп директорын жұмысқа қабылдау Оқу-ағарту министрінің (бұрынғы Білім және ғылым министрлігі) 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына сәйкес, конкурстық негізде жүзеге асырылған.
«Арай Мұхаметжанова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, М. Әуезов атындағы Семей университетін бітірген. «Педагог-зерттеуші» біліктілік санаты бар. Мектеп ұсынған ақпарат бойынша ұстаздың барлық құжаты талаптарға сай. Байқауға қатысқан 48 үміткердің ішінен ол ең жоғары балл жинады», - деп түсіндірді білім басқармасынан.
Сондай-ақ мұғалім бұрынғы жұмыс орнынан өз еркімен кеткені атап өтіледі.
«Бүгінгі күні құқық қорғау органдары мен сот тарапынан аталған азаматқа қатысты шектеулер жоқ. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әр азаматтың еңбек бостандығына, қызмет түрі мен кәсібін еркін таңдауға құқығы бар», - деген түсінік берілді.
Еске сала кетейік, Астанада жыл бойы оқушыларға сабақ өткізбеген №49 мектептің директоры жұмыстан кеткені туралы хабарлаған едік. Ол «Абайтану», «Қазақ әдебиетіндегі эссе жазудың құрылымы» және «Жаһандық құзыреттілік» сияқты факультативті сабақтар үшін ақша алып отырған, бірақ сабақты өткізбеген.