Қазақстандықтар 15 қарашаға дейін қалаған емханасына тіркеле алады

Жыл сайын елімізде 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін емхананы еркін таңдау науқаны өтеді. Бұл ретте елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова емхана таңдау және тіркелу жөнінде ақыл-кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтар 15 қарашаға дейін қалаған емханасына тіркеле алады
Фото: ҚазАқпарат

«Бұл азаматтарға қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын немесе тұрғылықты мекенжайын ауыстырған жағдайда немесе басқа себептерге байланысты емдеу мекемесін таңдауға мүмкіндік береді. Бірақ мұнда тұрғылықты аумақ шегін ұмытпаған жөн. Мәселен Астанада 5 аудан болса, әр адам өз ауданындағы емханалар арасында таңдау жасай алады. Үй жағдайында медициналық көмекті де емхана өзінің қызмет көрсету аумағында жүзеге асырады. Сондықтан, кішкентай баласы барлар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар осыны ескеруі керек. Оларға консультативті-диагностикалық көмек, күндізгі стационар және әлеуметтік көмек көрсетіледі», - деді А. Төлеуова Астана Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Пациент қызметтер пакетін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды, яғни 31 желтоқсанға дейін бұрын тіркелген емханаға қаралуды жалғастырады.

«Емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі – «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану, екіншісі – емханаға барып, өтініш жазу арқылы тіркелу. Айта кететін жайт, екінші тәсілді зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезден мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады», - дейді Айнұр Төлеуова.

Сондай-ақ, науқас басқа елдімекенде (іссапарда, қонақта) ауырып қалса, шұғыл медициналық көмек алу үшін жақын маңдағы медициналық ұйымға жүгіне алады немесе жедел медициналық жәрдем бригадасын шақыра алады.