Диқандар астық кептіруге қосымша 73 мың тонна дизель сұрап отыр

Жауын-шашын жағдайында орылған егінді кептіру үшін шаруаларға қосымша 73 мың тонна дизельді литріне 250 теңгеден бөлу қажет. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Жанармай
Фото: из открытых источников

«Комиссия жұмыстарының қорытындысы бойынша фермерлерді қолдау мақсатында мынадай шаралар қабылданды:
Біріншіден, Энергетика министрлігімен бірлесіп астықты кептіру үшін дизель отынын бөлу мәселесі пысықталды. 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде өтінімдерді қабылдау басталды. Әкімдіктердің деректері бойынша дизель отынына жалпы қажеттілік 73 мың тоннаны құрайды. Оның бағасы литріне 250 теңгеден аспауы қажет.

Екіншіден, барлық элеваторлардың күні-түні жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды. Астық кептіру тарифтерінің өсуіне жол бермеу өте маңызды.
Үшіншіден, «Бәйтерек» холдингі «ҚазАгроҚаржы» филиалдарына фермерлердің стационарлық және жылжымалы астық кептіргіштерді лизингке алуға арналған өтінімдерін жылдамдатып қарауды тапсырды», - деді Айдарбек Сапаров

Министрдің сөзінше, жиналған өнімнің сапасының төмендігіне байланысты тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр.

«Осыған байланысты «Азық-түлік корпорациясы» тұқым қорын қалыптастыру үшін қолда бар астық қорларының тұқым ретінде пайдалануға жарамдылығына сараптама жүргізуді бастады.

«Азық-түлік корпорациясының» желісі бойынша астықты жеткізу мерзімі 1 қазаннан 1 қарашаға дейін ұзартылды», - деді ол.