Қар аралас жаңбыр, найзағай: 14 өңірде ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК 20 қыркүйек күні ауа райының бұзылуына байланысты бірқатар өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ауа райы
Фото: ҚазАқпарат

Жетісу облысының шығысы мен орталығында қатты жаңбыр жауады. Таулы жерлерде қар аралас жаңбыр күтіледі. Облыстың шығысында, орталығында, таулы аудандарында найзағай ойнап, оңтүстік-батыстан жел соғады, Екпіні 15-20 м/с құрайды, кей уақытта 23-28 м/с артады.

Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде – жаңбыр, солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде найзағай, тұман, күндіз бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с құрайды.

Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында күндіз қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ болжанады. Түнде және таңертең таулы, тау бөктеріндегі аудандарда тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, найзағай кезінде екпіні 17-22 м/с құрайды. Өрт тұтану қаупі жоғары.

Түнде және таңертең Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде тұман күтіледі.

Түркістан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда найзағай, түнде солтүстігінде шаңды дауыл болжанады. Солтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с құрайды. Өңірдің шөлді аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады.

Шымкент қаласында кей уақытта найзағай ойнап, солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды.

Ұлытау облысының солтүстігінде, оңтүстігі мен шығысында найзағай күтіледі. Өңірдің оңтүстігінде өрт шығу қаупі сақталады.

Ақмола облысының батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде – найзағай, батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман болжанады. Солтүстіктен, солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с құрайды.

Қостанай облысының солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде – найзағай, батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, күндіз күші 15-20 м/с құрайды.

Қарағанды облысының солтүстігінде, оңтүстігі мен шығысында найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысып, күндіз екпіні 18 м/с құрайды.

Астана қаласында кей уақытта найзағай күтіледі.

Күндіз Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде найзағай болжанады.

Түнде және таңертең Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында, орталығында тұманды болады.

Түнде Жамбыл облысының шығысында, таулы аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. Өңірдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-батысы мен таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ жауады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с құрайды. Жоғары өрт қаупі сақталады.