«Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды

 «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Елордада жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және еңбек тәрбиесін алдыңғы орынға қойған әулеттердің көпжылдық дәстүрін нығайтуға бағытталған «Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, конкурс өңірлік және республикалық деңгейде үш номинация бойынша өткен: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, тиімді жұмыс істейтін тәлімгер, «Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор қызметкері таңдалады.

Биыл конкурсқа қатысу үшін Қазақстанның барлық өңірінен 591 өтініш түскен. Астана қаласы бойынша 80 өтініш қабылданды: «Үздік еңбек әулеті» номинациясында 15 өтініш, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында 33 өтінім, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында 32 өтінім.

Байқаудың өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша елордада «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жұмыс істейтін Амангелдиновтар отбасы бірінші орынды иеленді. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында №38 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлзия Иманбаева жеңіске жетті. «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша бірінші орынды «Астана-АЭК» АҚ II санатты инженері Айнұр Байбатырова иеленді.

«Жүлделі орынға ие болған азаматтар мен барша конкурсантымыз – қоғамымызды алға жетелейтін және адами құндылықтарды бейнелейтін уақыт талабына сай заманауи қайсар кейіпкерлер. Еңбекқор, талантты, алдына мақсат қоя білетін қатысушыларымызға қарап, біз олардың үлгісімен және өмірлік тәжірибесімен жігерленеміз, күш-қуат алып, болашаққа нық сеніммен қараймыз. Егер еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар, біздің конкурсқа қатысушылар сияқты еңбекқор және білімді болса, биік белестерді бағындырары анық. Баршаңызды келе жатқан Еңбек күнімен құттықтаймын! Әрқайсымыздың еңбегіміз қоғамымыздың орнықты дамуы мен еліміздің өркендеуінің негізі болсын!» – деді жеңімпаздарды құттықтау рәсімінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Байқаудың Астанадағы өңірлік кезеңнің жеңімпаздары енді республикалық кезеңде елорда атынан бақ сынайды. «Еңбек жолы – 2023» лауреаттарын марапаттау салтанаты 22 қыркүйекте өтеді.

Соңғы жаңалықтар