Спорттан Астана құрамасына қосылу үшін қандай талаптар қойылады
Астанада олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша да құрама командалар жасақталып, қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі Спорттың олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының басшысы Дастан Алдашов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2020 жылдың қараша айында Астанада спорт түрлері бойынша құрамаларды сапалы және тиімді даярлау, халықаралық және республикалық спорттық шараларға, жоғарғы нәтижелерге қол жеткізу үшін Астана қаласы әкімдігінің спорттық олимпиада емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы өз қызметін бастаған.
Дирекция міндеттеріне спортшылардың шеберлігін арттыру және спорт аренасында табысты өнер көрсетуі үшін елорданың құрама командаларын іріктеу, қалыптастыру, даярлау және қолдау көрсету кіреді. Сонымен бірге, Астана қаласы құрама командасының спортшыларын ҚР Ұлттық құрама командаларының негізгі құрамына даярлауды жүргізеді, елорданың олимпиадалық емес, ұлттық және техникалық спорт түрлерін дамытып, елорда спортшыларының спорттық резервін даярлайды.
«Астана құрама командасына кіру үшін белгілі бір спорттан Астана қаласының чемпионатында немесе республикалық жарыста үздік нәтиже көрсету керек. Яғни, бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленіп, спорттық жарыс хаттамасымен Астана қаласының құрама командасы тізіміне тіркеледі. Қаланың құрама командасына кірген барлық спортшыларды біздің дирекция спорттық жабдықтармен қамтамасыз етеді», - деді Д. Алдашов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Биыл дирекцияда спорттың 58 түрі тіркелген. Спорт түрлері бойынша қала командалары құрамында – 2 378 спортшы, оның ішінде 4 Еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі 112 спорт шебері, 194 спорт шебері, 393 спорт шеберіне кандидаттар бар, ҚР Ұлттық құрамаларына 565 спортшы енген.
«Ай сайын ақшалай қаражат алатын спорт түрлері бойынша Астананың штаттық командасында 65 спортшы бар. Биылғы қаңтар-маусым айларында 30 спортшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 27 адам – ҚР спорт шебері, 71 адам – ҚР спорт шеберіне үміткер атақтарын орындаған. Бұл аралықта Астана құрамасының спортшылары 141 республикалық және халықаралық жарыстарға қатысты, республикалық жарыстарда 380 алтын, 295 күміс және 279 қола медаль жеңіп алды. Халықаралық жарыстарда – 89 алтын, 68 күміс және 78 қола қанжығаға байланды», - дейді дирекция басшысы.