Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық дирижерлер байқауы өтеді
Алматыда дирижерлер арасында Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық конкурс өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дирижерлер байқауы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында 20-22 қыркүйек аралығында өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс талантты жас дирижерлердің басын қосып, бір-бірінің өнерімен жақынырақ танысуына, тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік береді.
«Конкурстың басты мақсаты – қазақ дирижерлік өнерін дамыта отырып, дарынды жастардың кәсіби шеберлігін ұштау, аталған салада жаңа есімдерді анықтау және Қазақстанның мәдени имиджін арттыру», - деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиев.
Екі кезеңнен тұратын байқауға еліміздің әр өңірінен 18 – 35 жас аралығындағы 19 үміткер, оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Жалпы, 25 өтінім келіп түскен. Жүлде қоры – 4,5 млн теңге.
Конкурс нәтижесі 22 қыркүйекте белгілі болады.
«Біз конкурстан бөлек іс-шара жоспарлап отырмыз. Әкемнің ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізіп, байқауға қатысушыларды өзі тұрған музей-үйіне апарамыз», – дейді Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің бас дирижері Дінзухра Тілендиева.