Жезқазғанда еліміздегі алғашқы геологиялық кластер салынады

2024 жылы Ұлытау облысында тұңғыш геологиялық кластер жұмысын бастайды. ҚазАқпарат бұл туралы Жезқазған әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

геологиялық кластер
Фото: Жезқазған әкімдігінің баспасөз қызметі

Мәлім етілгендей, Жезқазған өңірінде минералды-шикізат қорын арттыру үшін геологиялық жұмыстар жүргізуге 2022-2025 жылдарға шамамен 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні Ұлытау облысы бойынша 19 учаскеде барлау жұмыстары қолға алынған. Ол міндет «Kazakhmys Barlau» мамандарына жүктелген.

геологиялық кластер
Фото: Жезқазған әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Қазір компания геологиялық кластер құрылысын жоспарлап отыр. Оның құрамына бірнеше нысан кіреді: жөндеу-механика цехі; геологиялық музейі бар оқу орталығы, қызметкерлерге арналған жатақхана, геофизикалық зертхана және жер қыртысының сынамаларын сақтайтын қойма. Мұнда өзге өңірлерден және шет елдерден үздік ғалымдар шақырылатын болады.

Құрылыс бұрынғы «Жезқазғангеология» геологиялық экспедициясының аумағында жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны – 7 млрд теңгеге жуық. Кластердің құрылысы аяқталған соң 150 адам жұмыспен қамтылады.

«Геологиялық кешен – Ұлытау облысына ғана емес, жалпы Қазақстанға пайдалы болмақ. Себебі бұл – еліміздегі тұңғыш үлкен геологиялық кластер. Ендігі жылдың бірінші тоқсанында құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы 150 орын жұмыс орны ашылады. Өңірде мыстан басқа да көптеген жер қазбалары бар. Соны ары қарай жетілдіріп, ғылыми жаңа тәсілдерді қолдануға осы орталық септігін тигізеді», – деп атап өтті Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

геологиялық кластер
Фото: Жезқазған әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Жаңа жобаның сәтті жүзеге асуы – Қабанбай батыр ықшамауданының дамуына оң әсерін тигізбек. Қазірдің өзінде инвесторлардың қолдауымен ірілі-ұсақты мәселелер шешімін тауып отыр. 1 мыңнан астам тұрғыны бар ықшамауданда үйлердің тең жарымы көгілдір отынға қосылған. Жақында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша заманауи білім ордасының құрылысы басталды.

«Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, шикізаттың бәрі не терең орналасқан немесе басқа элементтермен қоспа ретінде келеді. Оның бәрін технологиямен бөліп алып шығу үшін ғылым керек. Ол ғылымды осы Жезқазған өңірінде дамыту қажет. Сондықтан геологиялық кластер сондай оймен құрылып жатыр», – дейді «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов.

геологиялық кластер
Фото: Жезқазған әкімдігінің баспасөз қызметі