ІІ Халықаралық қуыршақ фестивалінің жеңімпаздары анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Almaty Puppet Festival — 2024» қуыршақ театрларының II Халықаралық фестивалі аяқталды, ол Қытай, Польша, Чехия, Болгария, Грузия, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан және Қазақстанның 15 үздік қуыршақ ұжымын біріктірді.

Қуыршақ театры
Фото: Алматы әкімдігі

Бас жүлде Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрына бұйырды. Режиссер Антон Зайцевтің «Жомарт ағаш» қойылымы «Үздік спектакль» деп танылды.

«Үздік актерлік ансамбль» сыйлығы «Аленький цветочек» спектаклін саханалаған «Скарабей» (Ресей) балалардың Құм және көлеңке театрына табысталды.

Қуыршақ театры
Фото: Алматы әкімдігі

Анкарадағы (Түркия) «Темпо» театрының «Алыптың бағында» қойылымы «Шеберлігі мен адалдығы» үшін сыйлығымен марапатталды. Бұл театр дәстүрге деген терең құрмет пен шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті.

«Үздік қуыршақ жасаушы» номинациясында Чун Фей Ченгтің жетекшілігімен «Қытай дәстүрі» қойылымымен «Sky Bird» қуыршақ компаниясы (Гонконг, ҚХР) жеңіске жетті.

«Инновациялық көзқарас» атты арнайы сыйлық Башқұрт мемлекеттік қуыршақ театрына бұйырды.

Негізгі конкурстық бағдарламадан басқа, фестиваль аясында шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер өтті, олар білім мен тәжірибе алмасудың маңызды платформасына айналды.

Құралай Ешмұратова, Николоз Сабашвили және Евгений Ибрагимов өткізген кездесулер қатысушыларды шабыттандырып, қуыршақ өнерінің дамуына жаңа серпін берді.

«Мен бұл фестиваль халықаралық мәдени байланыстарды нығайтып, біздің әдемі Алматы қаласының мәдени имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосқанына сенімдімін», — деп атап өтті Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлибаев жабылу салтанаты барысында.

Осыған дейін Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Беларусь және Грузия елдерінде өткен халықаралық фестивальдерде бірнеше мәрте жеңіске жеткені туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар