«07-20-25» бағдарламасы жаңа баспаналарды ғана қамтуы тиіс - Олжас Құдайбергенов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қолжетімді ипотека бойынша жаңа мемлекеттік бағдарлама 100% жаңа баспанаға бағытталуы тиіс.

«07-20-25» бағдарламасы жаңа баспаналарды ғана қамтуы тиіс - Олжас Құдайбергенов

Бұл пікірді Center for Strategic Initiatives аға серіктесі Олжас Құдайбергенов ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында Елбасы бастамаларын талқылау жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алып-сатарлық нәтижеге жол бермеу үшін бағдарлама 100% жаңа баспанаға бағытталуы тиіс. Яғни, қайта сатылымға шығарылатын баспаналар бұл бағдарламаға енбеуі керек, әйтпесе қолдағы баспаналар арасында алып-сатарлық көбейеді", - деді Олжас Құдайбергенов.

Сондай-ақ, сарапшы бағдарламада сұраныс пен ұсынысты дұрыс ұштастыра алатын механизмдерді жоспарлау қажеттігін жеткізді.

«Егер ұсынысты көбейтер болсақ, құрылыс материалдары мен жер телімдері қымбаттайды. Мұндай ауқымды бағдарлама жарияланғанда, үнемі қосымша механизмдерді енгізу қажет. Әрине, Мемлекет басшысы барлығын өз үндеуінде айта алмайды, мұның барлығын кейінірек жетілдіру керек", - деп өз сөзін түйіндеді О. Құдайбергенов.

Фото: primeminister.kz