1 010 елді мекен су басу қаупіне неғұрлым бейім

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 010 елді мекен су басу қаупіне неғұрлым бейім. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рүстембек Әмрин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 010 елді мекен су басу қаупіне неғұрлым бейім

«Су тасқынының теріс әсерін төмендету мақсатында талдау жүргіздік. Оның нәтижелері бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 800 мыңнан астам адам тұратын 1 010 елді мекен су басу қаупіне неғұрлым бейім деп айқындадық», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Департамент бастығының айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық деңгейде мүдделі министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын әзірледі және іске асырылуын бақылауда. Жол картасы Төтенше жағдайлар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірлескен бұрығымен бекітілген.

«Өткен жылы су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы аясында 37 іс-шараны іске асыру аяқталды. Бұдан басқа, су тасқынына қарсы іс-шаралар аумақтарды дамытудың кешенді жоспарлары және облыстық су тасқынына қарсы жоспарлар аясында іске асырылуда», - деді Рүстембек Әмрин.