1,2 млн қазақстандық бейресми жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда 1,2 млн адам бейресми немесе тұрақсыз жұмыспен қамтылған. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жариялаған Еңбек нарығын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда 1,2 млн адам бейресми немесе тұрақсыз жұмыспен қамту жағдайында жұмыс істейді. Ал олардың табысы бағаланбайды. Қазақстанда бейресми жұмыспен қамту негізінен төмен табыспен және өнімділігі төмен арзан еңбекпен байланысты. Мәселен, бейресми секторда жұмыспен қамтылғандардың 40%-ы зауыттарға, фабрикаларға, ательеге (37%) және жеке қосалқы шаруашылықтарға (36%) шоғырланған. Құрылыс алаңдарында (2%), ашық базарларда (2%), меншікті автокөлік құралдарында (2%) елеусіз үлес байқалады. Сонымен қатар, бейресми жұмыспен қамту саны 15 адамнан (57%) аспайтын шағын ұйымдарға тән», - делінген ведомство талдауында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің мәліметінше, бейресми жұмыспен қамтудың таралуына әсер ететін маңызды фактор білім деңгейінің төмендігі.

«2021 жылы бейресми жұмыспен қамтылғандардың 59%-ы техникалық және кәсіптік, ал 23% орта білім алған. Қалған 18%-ның жоғары білімі бар. Ауылдық жерлерде тұратын адамдар бейресми түрде қала тұрғындарына қарағанда 2 есе көп жұмыс істейді», - деп көрсетілген кешенді жоспарда.

Осы түйткілдерді алдын ала шешу мақсатында Еңбек және халықты қорағау министрігі Еңбек нарығын дамытудың 5 жылдық жоспарын бекітуді ұсынып отыр.


Соңғы жаңалықтар