1,5 млрд. теңгені жымқырған ҚР АШМ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды - Қаржы полициясы
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері
Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғаларымен жасалған «Ауыз су» мемлекеттік салалық бағдарламасы шеңберінде бөлінген 1,5 млрд. теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады. Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
2012 жылдың 31 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерекше стратегиялық маңызы бар деп танылған республиканың 7 облысында (ШҚО, БҚО, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және Алматы облыстары) орналасқан 36 сушаруашылық жүйелерін тексеру үшін «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 1,5 млрд.теңгені ұрлау фактісі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғалары мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Мұндай көпфакторлы тексерулерден жыл сайын беріктілігі, тұрақтылығы мен пайдалану жарамдылығына қарамастан, 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан жүйелер мен құрылғылар өтуі тиіс.
Анықталғандай, Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғалары нысандарды тексеру қызметін сатып алу бойынша конкурсты «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасының заңын өрескел бұза отырып өткізген.
Барлық 36 нысан бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілері жасалып, оларға қол қойылған. Бұл актілердің нәтижесінде «АККЕ Астана» ЖШС-не 1,5 млрд.теңге бюджет қаражаты аударылған. Кәсіпорын басшысы ақшалай қаражатты иемденіп, өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Бюджет қаражатын ұрлаудың осы фактісіне қатысы бар Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғаларының шеңбері анықталуда.
Аталған фактінің мемлекетке ірі көлемде залал келтірген жүйелі сипаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыс болғандықтан және ауқымы бойынша елдің жартысын дерлік қамтығандықтан, оны тергеу Агенттік басшылығының ерекше бақылауында.
Қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.