1,7 млрд теңгені жымқыру фактісі – елордадағы әуежайдың бас бухгалтері тергелуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының бас бухгалтері мен әуежайдың тағы бірнеше қызметкері 1,7 млрд теңге сомасындағы қаражатты жымқыру фактісі бойынша тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1,7 млрд теңгені жымқыру фактісі – елордадағы әуежайдың бас бухгалтері тергелуде

«Жүздеген миллион теңгені жымқыру фактілері бойынша бірқатар қылмыстық іс тергеліп жатыр. Мысалы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ның бас бухгалтері, қызметкерлері мен бірқатар кәсіпкерлерге қатысты іс қаралуда. Тергеу нұсқасына сай, олар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің лауазымды тұлғаларына қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізбеу мақсатында 16 млн теңге сомасында пара беру және АҚ-ның 1,7 млрд теңге сомасындағы қаражатты жымқыру фактілері бойынша тергелуде», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.