1 ақпаннан бастап «Тұран ТВ» телеарнасы отандық эфирге шығады

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен сынақ тәртібінде «Тұран ТВ» жаңа телевизиялық арнасы отандық эфирге шығатын болады.

1 ақпаннан бастап «Тұран ТВ» телеарнасы отандық эфирге шығады

«Бұл еліміздің тарихы мен мәдениетін, спортын, демалыстарын, саяхатын, ішкі туризмін дәріптеуге арналған қазақстандық тұңғыш телеарна болып табылады. Хабар таратудың алғашқы кезеңінде еліміздің барлық аумақтарында Алма ТВ, ID TV және Отау ТВ қазақстандық кабельдік операторларының желілерімен қосарласа қызмет көрсету жоспарлануда. Спутниктік телеарналары арқылы хабарды тарату жоспарланып отыр. Оны 16:9 үлгісінде, HD 720р сапасымен, стерео-аудиожолымен қазақ және орыс тілдерінде тарату көзделіп отыр», делінген таратылған мәліметте.

«Тұран ТВ» телеарнасының бас директоры Роман Ботабековтың сөзіне қарағанда, арнаның контенті саяхат, аңшылық, балық аулау, Қазақстанның туристік және мәдени көзтартарлық жерлерін, ең дәмді тағамдарды, керемет салттарды, түрлі ұлт өкілдерінің мерекелері мен тарихы сияқты тақырыптарды қамтитын болғандықтан жұртшылықтың қызығушылығын тудыратын болады. Тың жаңалықтарды іздеу мақсатымен телеарна авторлары Қазақстанның түкпір-түкпіріне сапар жасайтын болады.

Телеарна өзінің жеке өндірістік негізімен, дистрибуция қызметтерін және маркетингтерімен, сондай-ақ бағдарламаның жеткілікті кітапханасымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 50-ден астам бағдарлама түсірілді.

Барлық хабар таратудың 80 пайызын «Тұран ТВ» телекомпаниясының жеке өндірісінің контенті, ал деректі және көркем фильмдер 20 пайызын құрайды деп болжанып отыр.