1 гектар суармалы жерді қалпына келтіруге жарты миллион теңге қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Суармалы және лианды суармалы жерлерді қалпына келтіруге 295 млрд. теңге қажет. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«610 мың гектардың әрбір метр, әрбір шақырымын, арықтарын, ондағы су құрылғыларының барлығын түгендеуден өткізіп, жобалық қаржысын есептеп шығардық. 277 млрд. теңге қажет. Бұл есеп 2016 жылғы 1 қаңтардағы бағамен алынған. Мұнан бөлек, лиманды жерлерді қалпына келтіруге 17 млрд. қажет. Сонда барлығы 295 млрд. теңге қажет деп отырмыз. 1 гектар жерді қайта қалпына келтіруге 455 мың теңге қажет болады. Ал лиманды суармалы жерлерді қалпына келтіруге 1 гектарына 48 мың теңге қаржы жұмсалады», - деді Әбішев. 

Комитет басшысының айтуынша, қажетті ақша Ислам даму банкі, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарынан тартылады.

«Алған ақшаны қайтарып беру қажет. Оны диқандарға жеткізілетін суға төлем алу арқылы қайтарамыз деп жоспарлаудамыз», - деді ол.

Айта кетейік, ҚР-дың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 610 мың га аумақтағы тұрақты суарылатын жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жоспарланған. Оның ішінде Алматы облысында - 127  мың га, ОҚО  - 99 мың га, ШҚО - 92 мың га, Жамбыл облысы - 86 мың га, БҚО - 40 мың га, Павлодар облысы - 30 мың га, Ақтөбе облысы - 29 мың га, Қызылорда облысы - 29 мың га, Қарағанды облысы - 28 мың га, СҚО - 28 мың га, Атырау облысы - 22 мың га суармалы жер қалпына келтіріледі.

Соңғы жаңалықтар