1 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 1 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ К Ү НДЕР
Жаңа жылдың бірінші күні
Қазақстан Республикасында 1, 2 қаңтар – Жаңа жыл мерекесіне орай демалыс күндері. 1 қаңтарды жылдың алғашқы күні ретінде ресми түрде Рим мемлекеттік қайраткері Юлий Цезарь бекіткен. Ол б.з. дейін 46 жылы Юлиан күнтізбесін енгізген. Бейбітшілік күні.
Бейбітшілік туралы Дүниежүзілік мінәжат ету күні
1967 жылдың 8 желтоқсанында Рим Папасы VI Павел әр жаңа жылдың бірінші күнінде атап өтуге қабылданған жаңа мерекені – Дүниежүзілік бейбітшілік күнін (католиктерде Бейбітшілік туралы Дүниежүзілік мінәжат ету күні) бекітті. 1969 жылдың 17 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік бейбітшілік күнін ресми мереке ретінде жариялады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1897 жылы Жетісу облысы бойынша статистикалық деректер жинау үшін Жетісу облыстық статистика комитеті құрылды. Ұйымның алғашқы атқарған іс-шараларының бірі – Верныйдың, Үлкен және Кіші Алматы стансалары тұрғындарының бір күндік санағын жүргізу болды.
1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолымен пойыздар қатынай бастады. 1906 жылғы 1 сәуірде теміржол толығымен пайдалануға берілді. Теміржолдың Қазақстаннан өтетін бөлігі қазір 1 600 километрге созылып жатыр.
1931 жылы ұзындығы 1 444 шақырымға созылған Түркістан-Сібір темір жол магистралі тұрақты пайдалануға берілді. Түрксіб Орта Азия мен Сібір аудандарын жалғастырып, экономиканың өрлеуіне өз үлесін қосты. Сонымен қатар, теміржол бойында жаңа жұмыс орындары ашылды.
1966 жылы «Шалқар» радиосы тыңдармандарымен қауышты. «Шалқар» - Қазақ радиосының тек қана мемлекеттік тілде хабар тарататын бөлімшесі.
1980 жылы Алматы сәулет-құрылыс институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы) құрылды. Институт Қазақтың политехникалық институтының сәулет және инженерлік-құрылыс факультеттерінің және Бүкілодақтық сырттай инженерлік-құрылыс институтының Алматы филиалының негізінде құрылды. 1992 жылдан қазіргі атымен аталады. Отыз жылдан бері институтта 10 мыңнан аса жоғары дәрежелі мамандар дайындалды.
1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Институттың алғашқы сабағы 1992 жылғы тамыз айында басталды. Аталған білім ордасы «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы және Орта Азиядағы халықаралық стандартқа сай орта және жоғары білім беру базасында мамандар даярлайтын жоғары білім беру көшбасшысы болды.
1993 жылы Қазақстан мен Чехия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстан Республикасының Мажарстан және Чехия республикаларындағы елшілігі 1993 жылы ашылды, ал 1994 жылдың желтоқсанында Чехия Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. 1997 жылы Чехияда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы қызметін бастап, ол 2004 жылы елшілікке айналды.
1995 жылы Қазақстанда жаңа төлқұжат пен жеке куәлік енгізілді.
2003 жылы «Ақтау Теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істей бастады. «Ақтау Теңіз порты» АЭА-ның аумағы жалпы ауданы 2000 гектарға тең болатын 6 жекелеген жер учаскесінен тұрады. АЭА аумағында ерекше құқықтық режим бар, оған сәйкес АЭА аясында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар салық төлеуден және кедендік төлемдерден босатылады.
2009 жылы Қазақстан Республикасы ресми түрде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) төрағалары «Үштігінің» құрамына кірді. ЕҚЫҰ-ның Рәсімдер ережелеріне сәйкес «Үштік» ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағаларынан құралады.
2017 жылы Қазақстан ресми түрде Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін бастады. БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның тағы бір байрағы ілінді. Қауіпсіздік кеңесінің барлық 15 мүшесі қатысқан бірінші отырысы 3 қаңтарда өтті.
2018 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын қабылдады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етудің халықаралық мәртебесі орасан зор. БҰҰ Жарғысына сәйкес, ҚК бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға басты жауапты орган, оның шешімдеріне БҰҰ-ға мүше елдердің барлығы бағынуға міндетті.
2019 жылы Қазақстанда бейресми жұмыспен қамтылғандарға бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.
2020 жылы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына 128 млн адам жазылған «National Geographic» әлемдік басылымы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі жаңажылдық отшашулардың фотосуреттерін жариялады. Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің көпірі де кірді. Суретті танымал америкалық фотограф Джордж Штайнмец түсірген. Отшашу 1 қаңтарға қараған түні Есіл өзенінің жағалауында, Ботаникалық саябақ аумағында, Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақта сағат 00:00-де басталып, жеті минутқа созылды. Биіктігі – 210 метр, ені – 250 метр.
2021 жылы Қазақстанда қылмыстық процестің өкілеттікті нақты бөліп ажырататын үшбуынды моделі енгізілді. Енді прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарына қатысты басты процессуалдық шешімдерді келісетін болады.
2022 жылы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына орай #РозаБағланова100жыл жаңа челленджін бастады. Ол барлық қазақстандықтарды Р. Бағланованың 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, эстафетаны «Астана мюзикл» театрының әртісі Зарина Жакеноваға тапсырды. Ол әйгілі «Бұлбұл» сериалында аты аңызға айналған әншіні сомдаған болатын.