1 қаңтардан бастап кіріс декларациясын тапсыратындардың қатарына 3,9 млн адам қосылады

декларация
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2025 жылы күшіне енетін Салық кодексі талқыланған жиында 1 қаңтардан бастап салық төлеушілер үшін қандай өзгерістер күшіне енетінін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі саласында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа кодекс 2025 жылдан бастап іске асады. Қазіргі бастапқы баптарын талқылап жүрміз. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі басталады. Бұл үшінші кезеңде жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың құрылтайшылары кіріс декларациясын тапсыру керек. Бұл – 253-ші нысана. 1 қаңтардан 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Онда бүкіл активтерін көрсетуге тиіс. Тапсыратындардың саны – 3,9 млн адам», - деді Ержан Біржанов.

Вице-министр 2024 жылдан бастап арнайы салық режимдерінде өзгерістер болатынын атап өтті.

«Мысалы, шыны ыдыс сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер бұрын жалпыға бірдей режиммен жұмыс істей алатын. 1 қаңтардан бастап ол кедергі алынып тасталды. Бізде Ұлттық банктің ноталарына салық жеңілдіктері бар болатын. Ол жеңілдік те алынып тасталды. Тағы жеке тұлғалардың борыш жүктемелері көп. Соны оңтайландыру үшін олардың салық мөлшерлемесі болмайды деген норма енгізілді. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың бонустары бұл декларацияда көрсетілмеуі керек деген норма да енгізілді. Сол сияқты біраз норма бар. Көбі жеңілдіктермен байланысты. Келесі жылдан бастап іске қосылып жатыр. Негізі салық жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер 2025 жылдан бастап қолданысқа енеді», - деді министрдің орынбасары.

Соңғы жаңалықтар