1 қаңтардан бастап ұялы телефондар жаппай өшірілмейді - Ақпарат министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі ұялы телефондардың 80 пайызы IMEI-коды бойынша тіркеуден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда барлық ұялы байланыс операторларының желілерінде тіркелген абоненттердің саны жалпы көрсеткіштің 80 пайызынан асып жатыр. Барлық абоненттеріміз үшін бұл рәсімді ең оңай және қолайлы тәсілдермен жүргізу үшін барынша жағдай жасадық. Ең оңай және ең қолайлы әдіс-амал «Актив» және «Кселл» желілерінде. Яғни, 6006 деген қысқа нөміріне СМС-хабарлама жолдау арқылы телефонды тіркеуге болады. Немесе телефоныңызда жұлдызша - 660 - тор қысқа нөміріне қоңырау шалып, берілген нұсқаулар бойынша өз нөмірлеріңізді тіркеуге болады. Егер бұл абоненттер шетелде болатын болса, олар ватсап, телеграм қосымшаларындағы арнайы арналар арқылы нөмірлерін тіркей алады», - дейді «Кселл» АҚ мемлекеттік органдармен жұмыс атқару бағытындағы сарапшысы Аслан Абжақов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Виталий Ярошенко 1 қаңтардан бастап құрылғылар (ұялы телефондар) жаппай өшірілмейтінін атап өтті.

«Абоненттік құрылғыларды жаппай өшіру деген біздің ережеде де қарастырылмаған. 1 қаңтарда - абоненттік құрылғыға қойылған сим-картаны автоматты түрде тіркеу жүргізіледі. Ол уақытқа дейін қолданушы өзі туралы мәліметті толыққанды етіп алуға мүмкіндік бар. Ал жаңа жылдан кейін белгілі бір мәліметті өзгерту сізге қиынға түсуі мүмкін. Себебі, көп адамдар сим-картаны сатып алып, өз атына тіркемеген», - дейді ол.

Виталий Ярошенконың айтуына қарағанда, адамдар әлі күнге дейін тіркелмеген сим-картамен жүр.

«Бірақ, 1 қаңтардан бастап сим-карталардың бәрі де құрылғыларға байланыстырылады. Міне, сондықтан ұялы байланыс операторлары қазіргі таңда өзі қызмет көрсететін қолданушылардың мәліметтер базасын жаңартып жатыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар