1 қазанда 16 аймақта сенаторлар сайлауы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 қазанында республикамыздың 16 аймағында Парламент Сенатының депутаттарының сайлауы өтеді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2014 жылғы 1 қазанға тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«2008 жылы 4 қазанында сайланған 16 сенатордың өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты биылғы жылдың 1 қазанында республикамыздың 16 аймағының әрқайсысынан бір-бір депутаттан сайлануы тиіс. Бұл кезекті сайлау. Сенат депутаттарын сайлау жанама құқығы негізде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Дауыс беруге таңдаушылар, яғни мәслихат депутаттары қатысады», - деді ОСК төрағасы.
Оның айтуынша, сайлаудың мұндай тәсілі әлемдік тәжірибеде жиі кездеседі. Мысалы, біздің еліміздегі секілді екі палаталы Парламенті бар 77 мемлекеттің 21-інде жоғары палата депутаттарын тікелей сайлауда, 18 елде тағайындау арқылы, ал Франция, Австрия, Нидерланды секілді 12 мемлекетте жаңа сайлау арқылы жүзеге асады.