1 қазаннан Қазақстан бойынша қызылшаға қарсы вакцина егу басталады

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазір әлемде қызылша ауруына қатысты жағдай күрделеніп отыр. Қазақстан Республикасында жыл басынан бері қызылша жұқтырған 2283 адам тіркелді. Өкінішке орай, алдыңғы иммундау маусымында вакцина алмаған бір жасөспірім маусым айында қызылша ауруынан көз жұмды. Қызылша ауруының асқынатын бірнеше түрі болады, соның бірі және өте қауіптісі мидың қабынуы. Сондықтан, ата-аналар мен ел азаматтарын вакцинадан бас тартпауға шақырамын. Биыл қосымша иммундау жұмыстарын жалғастыру туралы қаулы бекітілді. Осы қаулыға сәйкес, ел бойынша барлық насихаттау жұмыстарын аяқтадық. Иммундау маусымына қатысатын медицина мамандары даярланды», - деді Ж.Бекшин.
Еліміздің бас санитарлық дәрігері мәлім еткендей, иммундау маусымы аясында 15-19 жастағы жасөспірімдер мен қыз-жігіттер қызылшаға қарсы егіледі.
«Қосымша вакциналауды қазан айында бастайын деп отырған себебіміз, жаз айында балалар каникулда болады. 1 қыркүйектен бастап жоспарлы түрде туберкулезге қарсы вакциналау басталады. Эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, бір уақытта екі вакцинаны қатар жүргізуге болмайды», - деп түсіндірді Ж.Бекшин.