1 келіден астам есірткі алып бара жатқан азамат ұсталды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада 1 келіден астам есірткі алып бара жатқан азамат ұсталды.

1 келіден астам есірткі алып бара жатқан азамат ұсталды

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуантай Өмірбеков мәлім етті.

Аталмыш азаматты Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері 22 қаңтар күні сағат 11-50-лер шамасында Сарыарқа мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында қолға түсірген. 1971 жылы туылған Д. деген азаматтың жеке мүліктерін тексеру барысында 1,89 грамм героин табылған. Ал оның «Мерседес-Бенц - 230» көлігінен 1 келі 390 грам героин табылды.

Мол көлемдегі есірткі 20-22 қаңтар аралығында жүргізілген «Құқық тәртібі» жедел-сауықтыру шарасының барысында табылған. Шара кезінде 3 есірткімен байланысты қылмыс анықталды.