1 қыркүйекте папиломма вирусына қарсы екпе егу басталды

вакцинация
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Елде жаңа оқу жылынан бастап папиллома вирусына қарсы тегін вакцина салдыртуға болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлімдеді.

Ол үшін мемлекеттен 10 млрд теңге бөлінген. Оның бәрі вакцина сатып алуға жұмсалады. Сондықтан 11 жастағы 175 мың оқушыны қамту жоспарланған. Вакцина Америкадан жеткізіледі, шамамен 350 мың доза. Екпе ерікті түрде жасалады. Міндетті түрде ата-ананың келісімі қажет. Мамандар ешкімге мәжбүрлі түрде вакцина егілмейтінін айтады. Вакциналау кезеңі ұлттық екпе кестесіне енгізілді.

«Адам папилломасына қарсы екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 9 жастан 14 жасқа дейінгі мерзімде егу ұсынылған. Біздің елімізде көршілес елдер секілді 11 жастағы қыздарды егу жоспарланып, таңдалып отыр. 11 жастан басқа 12-13 жастағы қыздарды екпемен қамту жоспарланып отыр» - деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева.

Оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы вакцинациялау 2013 жылы бірнеше өңірде басталған еді. Ол кезде пилоттық жоба болған. Алайда науқан ұзаққа созылмады. Себебі Павлодарда екпе алған оқушы қыз есінен танып қалған. Одан кейін ата-аналар үрейленіп, бас тартқан. Үкімет те бағдарламаны тоқтатқан. Мамандар ол кезде нақты вакцинаның әсері болмаған, тек оқушы қыз эмоцияға берілуі мүмкін дейді. Сондықтан араға он жыл салып вакцинация қайта басталмақ.

«Біздің жоба папиллома вирусына қарсы жаңа бастамаларды қолдайды. Ол көптеген жанның өмірін сақтауға көмектеседі. Бұл мәселеде Еуропалық Одақ Қазақстанның басты серіктесі. Денсаулыққа бала кезден көңіл бөлген абзал» – деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас.

Адамда папиллома вирусының 100-ден аса түрі бар. Оның бірнешеуі аса қауіпті саналады. Оны жұқтырған адам жатыр мойны обырына шалдығуы ықтимал. 2022 жылы елде екі мыңға жуық әйел осы дертке шалдыққан. 600-ге жуығы қайтыс болған. Ал мамандардың айтуынша әлем әйелдері осы аурудан сағат сайын көз жұмады. Вирус симптомсыз да тарайды. Тіпті адамға ауру белгісі байқалған күннің өзінде ол екінші не төртінші стадияда болуы мүмкін.

«Бұл вирус ешқандай симптомсыз өтуі мүмкін. Былай қарағанда біз баратын қоғамдық орындарда ылғал жерді жақсы көреді. Ол вирус сол жерде көп болуы мүмкін. Ол адам вирустың жұққанын білмеуі мүмкін» - дейді акушер – гинеколог Айзада Марат.

Мамандар папиллома вирусының алдын алуға болатын жалғыз жол - вакцина дейді. Себебі ешқандай препарат індетті емдей алмайды. Екпе 2 кезеңнен тұрады. Екіншісі арада 6 ай өткен соң салынады. Қазір 135 ел осы адам папилломасына қарсы екпені пайдаланады. Соның 47-сінде ер балаға да вакцина егіледі.

Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс жуық арада бізге де жетуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар
telegram