1 күн қалды: Алматы Канье Уэст концертінде қалай дайындалып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда әлемдік жұлдыздың ауқымды концертіне дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Kazinform тілшісі Орталық стадион мен оның айналасындағы жағдайды бақылап қайтты.
Канье Уэст немесе YE концерті ертең, 14 тамыз сағат 21:00-ге жоспарланған. Алайда жанкүйерлер үшін Орталық стадион есіктері сағат 16:00-ден бастап ашық болады. Концертке 30 мыңнан астам адам жиналады деген болжам бар.
Мұндай ауқымды іс-шараға дайындық жұмыстары әлдеқашан басталған. Ал бүгін сол жұмыстардың соңғы тұстары пысықталып жатыр. Байқағанымыздай, стадионың барлық негізгі кіреберістері - Абай даңғылынан, Байтұрсанов көшесі жағынан және Сәтбаев көшесінен алаңға кіретін жолдар қоршалып, толықтай жабылған. Қазір олар арқылы тек ұйымдастыру жұмыстары қатысты бар жұмысшылар мен күзет қызметкерлері өтіп жүр.
Стадионның сыртқы жағында және оның айналысындағы көшелерде YE концертіне байланысты баннерлер орнатылған. Онда секторларға байланысты ақпарат бар. Одан бөлек Абай даңғылы мен Байтұрсанов көшесіндегі кіреберістерде LED-экрандарға ұқсас ұзын тақтайшалар орнатылған. Мұнда ертең адамдар үшін қажетті ақпарат көрсетілуі мүмкін.
Сондай-ақ стадионның алдыңғы бөлігінде (Абай даңғылы) ресми фан-дүкен құрылған. Ол қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр және Каньеге қатысты жазуы бар киім-кешек пен өзге де заттарды алуға келген адамдардың кезегі көп.
Орталық стадионның ішіндегі басты өзгеріс - мұнда жарты шарға ұқсайтын сфера құрылған. Канье Уэст қауіпсіздік арқанын беліне тағып, осы шардың төбесінде өнер көрсететін болады. Сонымен қатар стадионның төрт жағынан биік техникалық мұналар құрылған. Олар алаңға жарық түсіруі тиіс.
Бұған дейін іс-шара ұйымдастырушылары концерт өткізуші үшін Алматыға 100 тонна болатын құрал-жабдық жіберілгенін айтты.
Қауіпсіздік пен полиция ескертуі
Алматы қаласының Полиция департаменті көрермендердің ыңғайлы кіруі үшін стадионның үш жағынан 40 кіреберіс қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ стадионға кірер алдында тексеру жүргізілетінін ескертіп, аумаққа билет немесе аккредитациясы бар адамдар ғана кіре алатынын еске салды. Концерт күні полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Одан бұрын Алматы полициясы әлемдік жұлдыздың концертіне байланысты алаяқтық әрекеттері болуы мүмкін екенін хабарлады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «дайын билет» сату туралы ұсыныстарға алданбауға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.
Ал ұйымдастырушылар тарапы стадионға алып келуге тыйым салынған заттардың тізімін жариялады. Олар: қару-жарақ, есірткі, ішімдік, шыны ыдыстар, пластик бөтелке, кесетін не шаншитын заттар және т.б.. Сондай-ақ концертке кіріп, бірақ стадионнан шығып кеткен адамдар алаңға қайта кіре алмайтынын еске салды.
Автобустар мен метро жұмысы
Ертең мыңдаған тыңдарман жиналатын іс-шараға байланысты қалада стадион маңындағы бірнеше көшені жабу жоспарланған. Атап айтқанда:
* Абай даңғылы Мұқанов көшесінен дейін Сейфуллин даңғылына дейін;
* Сәтбаев көшесі Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылынан дейін;
* Байтұрсынов көшесі Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейін жабық болады.
Аталған көше учаскелерінде көлік қозғалысы 14 тамыз күні сағат 16:00–ден 00:00–ге дейін шектеледі. Осы кезеңінде қоғамдық көліктің 32 бағытының қозғалыс сызбасы өзгереді.
Ал іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтарды қаланың 6 бағыты бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайды. Көрермендерге қолайлы болу үшін автобустар Орталық стадионнан мына бағыттарға қатынайды:
* Алматы Арена — 10 автобус;
* Райымбек батыр / «Алатау» метро бекеті — 10 автобус;
* Алматы-1 теміржол вокзалы — 5 автобус;
* «Орбита» — 5 автобус;
* «Жұлдыз» шағын ауданы — 10 автобус;
* Алматы халықаралық әуежайы — 10 автобус.
Сонымен қатар қоғамдық көлік пен метрополитеннің жұмысы күшейтіледі. «Байқоңыр» метро бекеті сағат 21:00–де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» бекеттерін пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00–ге дейін, ал қажет болған жағдайда 03:00–ге дейін ұзартылады.
Еске салайық, Алматыда Канье концертіне жалған билет сатқан азамат анықталды.