1 қыркүйек күні Көктал-2 ауылында жаңа мектеп ашылады

ТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 1 қыркүйек күні Көктал-2 ауылында жаңа мектеп ашылады.

1 қыркүйек күні Көктал-2 ауылында жаңа мектеп ашылады

Бұл туралы бүгін «Мектепке жол» атты дәстүрлі шараның басталуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина айтты.

«1 қыркүйекте мемлекеттік тілде білім беретін мектеп Көктал-2 ауылында ашылады. Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссия қабылдау актісіне қол қоймақ. Іс жүзінде мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Менің ойымша, Көктал-1 ауылындағы №41 мектепте үш ауысыммен білім беру жойылады», - деді Ә.Бимендина.

Сондай-ақ басқарма бастығының атап өтуінше, жыл соңына дейін Ильинка ауылындағы жалпы орта білім беретін мектептің де құрылысы аяқталып, өз жұмысына кірісетін болады. «Қазіргі уақатта ол мектептің құрылысына байланысты сот процедуралары болып, бас мердігері ауысқан еді. Дегенмен құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Ал әзірше Ильинка ауылының балалары бұрынғы мектептеріне білім ала береді. Біз оларды мектепке жеткізу үшін арнайы көлік бөлдік», - деді ол.

Жалпы елордада 10 мектепте оқушыларды автобуспен тасымалдау ұйымдастырылған.