1 қыркүйекте Астана мектептерінде салтанатты жиындар өтеді

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл 1 қыркүйек - Халықаралық білім күні жексенбі күніне сәйкес келеді. Демалыс күніне қарамастан бұл күні Астананың барлық мектептерінде оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен салтанатты жиындар, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

1 қыркүйекте Астана мектептерінде салтанатты жиындар өтеді

Мерекелік іс-шаралар қаланың барлық мектептерінде таңертең сағат 10.00 басталады. Бұдан басқа, бұл күні мектептерде «Патриотизм сабақтары» өткізіледі.

Қалалық білім басқармасының astana.kz сайтына хабарлауынша, №64 мектеп-лицейде өтетін салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Президенті қатысады.

Сондай-ақ 1 қыркүйекте елордада жаратылыстану-математика бағытындағы жаңа мектеп ашылады. №71 мектеп-лицей салынып жатқан «Батығай» тұрғын үй кешенінде «Жағалау» шағын ауданында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы - 12 700 шаршы метр, 4 га аумақты алып жатыр.

Жалпы, жаңа оқу жылында Астанада 12 мыңға жуық балдырған мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, Астанада 82 мектеп, соның ішінде 70 мемлекеттік, 12 жеке меншікті мектеп жұмыс істейді, онда 86 663 оқушы білім алады. Елорданың жалпы білім беру мекемелерінде 5609 педагог қызмет етеді.