1 қыркүйекте ҚР ұлттық ұланы ел мектептерінде ерлік сабағын өткізеді

Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Ауқымды республикалық акцияны ұйымдастырушылардың жоспары барлық ел бойынша орта оқу орындарының көпшілігін қамтиды. Республиканың барлық облыс орталықтарына, ірі қалаларына жіберілген Ұлттық ұланның командирлері мен аға офицерлері жоғары сынып оқушыларымен ата-бабаларымыздың патриотизмі, ерлік істері жайында әңгіме өткізеді. Оқушыларға әскери кәсіп, оның адам өмірін құтқаруда өзін құрбандыққа тігетін басты адамгершілік қасиеті жайында әңгімелейді. Жастарға қауіпті сәттерде шынайы ерлік көрсетіп, батырлық пен өз ісінің шебері бола білген Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жайлы деректі фильмдер көрсетеді.
Ашық сабақтың мақсаты - балалардың санасына өздерінен басқа ешкім Отанға қорған бола алмайтынын жеткізу. Елдің келешегі жастардың қолында екенін, олардың ел дамуының барлық үрдісіне ықпал ететін мемлекет, қоғам келешегінің кірпішін қалайтын діңгегі екенін ұғындыру.
Республика астанасында Бас қолбасшылық өкілдері, Тәрбиелік әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының және Астана гарнизоны бөлімінің тәрбиеленуші офицерлері қамқорлықтағы мектептер мен қала оқу орындарында оқушылармен жаңа оқу жылының бірінші сабағында кездеседі.