1 қыркүйекте республикада «Абайлаңыз - балалар!» жедел-алдын алу шарасы басталады
АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі 1-5 қыркүйек аралығында балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануының алдын алу мақсатында республикалық «Абайлаңыз - балалар!» жедел алдын алу шарасын өткізеді.
Статистикаға қарағанда, жаңа оқу жылы басталған кезде мектеп оқушыларының қатысуымен жол апаттары шұғыл артып кетеді.
ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз баянында хабарланғанындай, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының 80 пайызға жуығы жүргізушілер кінәсінен болады - зардап шеккен балалардың жартысынан көбі автокөліктер жолаушылары болған.
Акция ауқымында жол полициясының қызметкерлері мектептер мен балабақшаларда тақырыптық сабақтар жүргізіп, балаларды жол бойында қауіпсіз болу дағдыларына үйретеді. Қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде жүргізушілермен бөлек әңгіме өткізіледі. Бұдан басқа, білім беру мекемелерінің жанында көше-жол желісіне кешенді тексерулер ұйымдастырылады.
Жедел-алдын алу шаралары барысында жол-көлік апаттарынан зардап шеккен балаларға оңалту көмегін көрсету мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп, психологиялық, медициналық орталықтар базаларында «ЖКО-да зардап шеккен балаға көмектес» акциясын өткізу жоспарланған, бұл шараларға ата-аналар мен жол апаттарының қатысушылары болған балалар шақырылады.
Жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған басқа да бірқатар шаралар жоспарланған.