1 қыркүйектен бастап «Назар аударыңыз, балалар!» атты республикалық жедел профилактикалық іс-шаралар өтеді - ІІМ
АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 1 қыркүйектен бастап ішкі істер органдары балалар жол-көлік жарақатының алдын алу мақсатында «Назар аударыңыз, балалар!» атты республикалық жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізілетін болады.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ өткен брифингте мәлім болды.
Шараға сәйкес, 5 күн бойы жол полициясы жасақтарының бекеттері мен шолғыншылар бағыттары оқу орындарына барынша жұмылдырылатын болады. Бұл ретте балалар жол-көлік жарақатының негізгі себептері болып табылатын жол қозғалысы ережелерін жүргізушілер тарапынан бұзудың жолын кесуге ерекше назар аударылады. Акциялар шеңберінде жол полициясының қызметкерлері мектептерде және балалар үйлерінде балалар мен жасөспірімдердің жолдарда қауіпсіздік тәртібін қалыптастыру үшін тақырыптық сабақтар өткізеді.
Бұдан бөлек, шара аясында көлік құралдарын жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі жекелеген әңгімелер-кеңестер жүзеге асады. Сонымен қатар іс-шаралар шеңберінде білім беру мекемелерінің жанында орналасқан көше-жол жүйесіне кешенді тексерулер ұйымдастырылмақ.