1 мамырдан бастап Астана әуежайы түнде жұмыс істемейді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты Астана халықаралық әуежайында рейстерге өзгеріс енеді.

1 мамырдан бастап жөндеу аяқталғанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін елордалық әуежайдың әуеайлағында ұшақтарды қабылдау және ұшу тоқтатылады.
Елорда әуежайы күн сайын 200-ден астам рейске қызмет көрсетеді.
Оның ішінде түнгі рейстер саны 100-ге жуық. Бұл рейстер тәуліктің күндізгі уақытына ауысады.
Осыған байланысты Астанадан/Астанаға орындалатын рейс кестесіне өзгерістер еніп жатыр.
«Жолаушылардан сапарын алдын ала жоспарлауын және әуекомпаниялардың анықтама қызметі, қосымшалар мен әуежай, сондай-ақ әуекомпаниялардың хабарламасы сияқты бүкіл қолжетімді ақпарат көздерін пайдалануды сұраймыз» деп ескертеді әуежайдан.