1 маусымға дейін құрылыс объектілеріне ревизия жүреді – Үкімет басшысы

құрылыс
Фото: Ақмола облысының прокуратурасы

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау жөніндегі жол картасын жетілдіруді тапсырды.

«Өнеркәсіп министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 1-ші маусымға дейін салынып жатқан барлық объекті құрылысының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет. Оның қорытындысы бойынша бір айдың ішінде осыған дейін қабылданған проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі жол картасын өзектендіру керек», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, Премьер-Министр Алматы облысы және Қызылорда облысында инженерлік желілерге бөлінген қаражаттың тиімсіз игеріліп жатқанын мәлім етті. 

«Ең бастысы барлық үйді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылау қажет. Сондай-ақ, көп өңірде инженерлік желілерді жүргізуге бөлінген қаражат тиімді игерілмей отырғанын атап өткім келеді», - дейді ол. 

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі мамырда жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатыны туралы айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар