1 маусымнан бастап тұрғын үйдің техпаспорты мен кадастрлық құжаттары онлайн рәсімделеді

АСТАНА. KAZINFORM – 1 маусымнан бастап жылжымайтын мүлікке арналған техникалық паспорттар мен кадастрлық паспорттардың телнұсқалары тек онлайн форматта рәсімделеді. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Egov mobile
Фото: Электронды үкімет

Ведомствоның мәліметінше, eGov.kz порталында «Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» және «Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру» мемлекеттік қызметтері жаңартылған.

Енді пайдаланушылар өтінім беру кезінде төлем жасап, дайын құжатты электронды форматта ала алады.

Бұған дейін азаматтар төлем жасау және нәтижені алу үшін ХҚКО-ға баруға мәжбүр болған.

Енді барлық процесс толықтай онлайн форматқа көшірілді. Дайын техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорттың телнұсқасы eGov.kz порталындағы Жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне автоматты түрде жүктеледі.

Қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты болады.

Қызметті пайдалану үшін азаматтар eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, тиісті бөлім арқылы қажетті қызметті таңдап, өтінім түрін, жылжымайтын мүлік санатын көрсетіп, төлем жасап, сұранымға қол қоюы қажет.

Министрлік дерегінше, цифрлық қызметтерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы техникалық паспорт пен кадастрлық паспорттың телнұсқасын алуға eGov.kz арқылы 100 мың өтінім берілсе, бұл барлық өтінімнің 22,8%-ын құраған. Ал 2025 жылы онлайн өтінімдердің үлесі 41%-ға жеткен.

– 2026 жылғы 1 маусымнан бастап аталған қызметтер бойынша өтінімдерді ХҚКО операторлары арқылы қабылдау тоқтатылады. Қызметтер тек eGov.kz порталы және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі. Енді азаматтарға төлем жасау немесе дайын техникалық паспортты алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ, – деп атап өтті ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Сонымен қатар «Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» қызметі eGov mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді болады.

Министрлік мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіру ХҚКО-ларға түсетін жүктемені азайтып, қызмет алу процесін азаматтар үшін ыңғайлы әрі жылдам етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Ведомство өкілдері егер азаматтың онлайн қызмет алуға мүмкіндігі болмаса, ол ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын пайдалана алатынын атап өтті.

Қазіргі таңда ЭЦҚ беру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, автокөліктерді бастапқы тіркеу, еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және жер учаскелеріне құжат рәсімдеу сияқты бірқатар қызметтер онлайн форматта қолжетімді.

Айта кетейік, қазақстандықтар коммуналдық қызметті онлайн бақылай алады.