1 миллионнан астам адамды зиянды әдеттен арылтуға болады
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Темекінің қораптарының сыртына темекінің зияны жөнінде қажетті ақпараттар мен суреттер орналастыру арқылы 1 миллионнан астам темекі шегушілерді зиянды әдеттен арылтуға болады екен.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан заңнамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясына үйлестіру» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағамбетова осындай мәліметтер келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан темекіге қарсы күресте көптеген халықаралық міндеттемелерді мойнына алды. Алайда істің нәтижелі болуы құзырлы органдардың осы міндеттемелерді орындауға деген ұмтылыстары мен біліктіліктеріне байланысты. «Біз тек халықаралық талаптарға жауап беретін нормативті-құқықтық актілер мен бұйрықтарды, Үкімет қаулаларын шығарып, оларды талапқа сай жүзеге асырғанда ғана елімізде темекіге қарсы бағытталған кешенді жүйе қалыптасады», деді депутат.