1 миллионнан астам жағдай: Қазақстанда ЖРВИ маусымы қалай өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық деңгейінің төмендегені байқалады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

ЖРВИ, тұмау, науқас. грипп
Фото: ДСМ

Министрліктің мәліметінше, 22–28 қазан аралығында 74 689 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен эпидемиологиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44%-ға, ал алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,5 есе аз.

— Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері 1 075 450 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға төмен. Зертханалық мониторинг нәтижелері бойынша айналымдағы тұмауға жатпайтын вирустардың ішінде риновирустар, аденовирустар және бокавирустар басым. Маусым басталғалы бері А(H1N1)pdm09 тұмауының 12 жағдайы зертханалық тұрғыдан расталды, — дейді мамандар.

Елімізде тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Халықтың шамамен 11%-ын вакцинациялаумен қамтуға мүмкіндік беретін «Гриппол®️» вакцинасының 2,2 млн дозасы сатып алынды. Қазіргі уақытта вакцина республиканың барлық өңірінде бар.

30 қазандағы жағдай бойынша 1 670 447 адам егілді немесе вакцинациялауға жататын контингенттің 75,3%-ын құрайды.

— ЖРВИ маусымында қолды, әсіресе қоғамдық орындарға барғаннан кейін, жиі жуу, бөлмелерді үнемі желдету және респираторлық әдеп ережелерін сақтау ұсынылады. ЖРВИ симптомдары пайда болған жағдайда, мүмкіндігінше айналадағы адамдармен байланысты шектеген жөн. Дене қызуы жоғарыласа, денсаулық жағдайы нашарласа немесе ауру белгілері айқын байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет, — деп ескертті ведомство.

Бұған дейін СҚО-да 27 мыңға жуық адам тұмауға қарсы вакцина алғанын жазғанбыз.