1 мың 15 рұқсат беру түрінің 30 пайызы қысқартылады - Ж. Айтжанова
АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қолданыстағы 1 мың 15 рұқсат беру құжатының рәсімдерінің 331-і немесе 30 пайызы қысқартылады.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті.
«Заң жобасымен біріншіден, қолданыстағы 1 мың 15 рұқсат беру құжатының рәсімдерінің 331-і немесе 30 пайызы қысқартылады. Атап айтқанда, лицензиялау қызметтерінің 20 түрі, сертификаттаудың 20 түрінің 5-еуі қысқартылады. Аккредиттеудің 8 түрінің 2-еуі, рұқсат берудің 131 түрінің 44-і жойылады. Қолданыстағы 184 келісудің 134-і қысқартылады және өзге де құжаттардың 48-і жойылады. Екіншіден, лицензияланатын қызмет түрлері шеңберінде қоршаған ортаны қорғау мен ауыл шаруашылығы саласындағы субъектілер аясын азайту көзделеді. Заң жобасы қабылданғаннан кейін астық және мақта қабылдайтын ұйымдардың тек астық және мақта қолхаттарын беру қызметтерін көрсетуі ғана лицензияланады. Ал осы саладағы қазіргі қолданыстағы лицензиялар түгелге жуық қысқарады. Үшіншіден, рұқсат беру құжаттарын алуға байланысты уақыт және қаражат шығындарын азайту мақсатында рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету көзделіп отыр. Атап айтқанда «жалғыз терезе» қағидатын барлық мемлекеттік органдар қолданатын болады», - деді Экономикалық даму және сауда министр Жанар Айтжанова.
Оның айтуынша, бүгінгі күні лицензия алушы құжаттарды келісу үшін 6 мемлекеттік органға жүгінетін болса, қаралып отырған заң жобасында мемлекеттік органның өзіне сондай міндетті жүктеу көзделеді. Мәселен, лицензия алушы 6 органға бармай-ақ, тек бір мемлекеттік органнан лицензияны ала алады. Бұдан бөлек, өтініш берушінің тапсыратын құжаттарын нотариалды куәландыру міндеттілігі алып тасталады. Яғни, бұған дейін әрбір ресми құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі сұралатын болса, қарастырылып отырған заң жобасында бизнес өкілі сол құжаттардың түпнұсқасын көрсетсе жеткілікті болады. «Қаржы саласы мен атом өндіру саласынан бөлек жағдайда лицензия берудің мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылады. Бұдан бөлек, заң жобасы қабылданғаннан кейін рұқсат беру құжатының айналымы жылына 800 мыңнан астам данаға азаятындығы болжанып отыр. Бұл бизнес үшін уақыт пен қаржы үнемдеуде үлкен жеңілдік болып табылады», - деді Ж. Айтжанова.