1 мыңға жуық әлеуетті талапкер мен олардың ата-аналары Назарбаев Университетінің қызметімен танысты
Бұл туралы ЖОО-ның Коммуникация және маркетинг департаментінен мәлім етті.
Іс-шара барысында барлық келушілер Назарбаев Университетіне оқуға қабылдау ережелері, білім беру мен мамандықтар, келешек түлектердің мансабы мен кампустағы өмір жайлы ақпараттар алып, білім ордасымен танысуға мүмкіндік алды.
«Биыл өзге қалалардан келген қонақтардың саны көп болғанына қуаныштымыз. Көптеген әлеуетті талапкерлер мен олардың ата-аналары Қарағанды, Қостанай және Көкшетау қалаларынан университетке түсу және білім беру ережелерімен танысу үшін біздің іс-шараға арнайы келді», - деп атап өтті Назарбаев Университеті Қабылдау департаментінің директоры Динара Ашықбаева.
Департамент директорының айтуынша, 2013-2014 оқу жылына талапкерлерді тіркеу биылғы жылдың қарашасында басталады, ал жаңа жылдан кейін университет тікелей оқуға түсуді және өзге жоғары оқу орындарынан ауысуды қалайтын кандидаттар үшін тіркеуді ашады.
Қонақтар үшін өз таныстырылымдарын Даярлық оқыту орталығы (Foundation бағдарламасы), инженерия, ғылымдар мен технология, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектептері, сондай-ақ Жоғары бизнес мектебі өткізді. Ал ЖОО-ның логотиптері бар футболкалар мен бейсболкалар киген студенттер университет бойынша тур өткізіп, кампуста тұру ерекшіліктері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ өздерінің мамандықтары бойынша кеңестер берді.
Алдын ала есептеулер бойынша, іс-шараға 1 мыңға жуық адам қатысты.
Мәлім етілгендей, келесі ашық есік күні 4 қараша күні Алматы қаласында өтетін болады. Сондай-ақ Назарбаев Университеті Қазақстан өңірлері бойынша дәстүрлі көшпелі таныстырылымдарын бастағандығын хабарлайды.