1 наурызда бақылау-кассалық машиналар уақыты өзгере ме
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті 1 наурыздан бастап еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшетініне байланысты салық төлеушілердің назарына хабарландыру жариялады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Үкіметтің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағат белдеуі қолданылатынын, сондай-ақ 2024 жылғы 29 ақпаннан бастап 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт Қазақстан Республикасының барлық аумағында 1 сағат кейін ауыстырылатынын хабарлайды.
«Аппараттық-бағдарламалық кешен саналатын бақылау-кассалық машиналарында уақыт автоматты режимде өзгереді. Ал аппараттық-бағдарламалық кешен саналмайтын, яғни «темір» бақылау-кассалық машиналардың уақытын тұтынушы өз бетінше пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа («Күн мен уақытты бағдарламалау» бөлімі) сәйкес 2024 жылғы 29 ақпаннан кейін жүргізу қажет», - делінген хабарландыруда.
Видео нұсқаулықпен Мемлекеттік кірістер комитетінің press_kyzmet_kgd, kgd.gov.kz, kgdmfrk ресми ресурстары арқылы танысуға болады.
Сұрақтар туындаған жағдайда бақылау-кассалық машиналарды сүйемелдеу шарттары шеңберінде техникалық қызмет көрсету орталықтарынан, Мемлекеттік кірістер басқармаларынан немесе 1414 (3) телефон нөмірі арқылы тегін кеңес алуға болады.