1 наурыз. Тұлғалар туған күн
ЕСІМДЕР
92 жыл бұрын (1931-1999) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өмірбек Арысланұлы ЖОЛДАСБЕКОВ дүниеге келген.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1954-1958 жылдары - Қазақ химия-технология институтының оқытушысы, аға оқытушысы, механика факультетінің деканы. 1958-1962 жылдары - Мәскеу тоқыма институтының аспиранты, ассистенті. 1962-1970 жылдары - Қазақ политехника институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры. 1970-1986 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ректоры. Қазақ мемлекеттік университеті қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасады. 1986-1988 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі. 1988-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Механика және машинатану институты зертханасының меңгерушісі, директоры, құрметті директоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ғылым, блім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол 1991 жылы Халықаралық инженерлік академияның вице-президенті, 1993 жылы Ислам елдері инженерлік академиясының вице-президенті, 1997 жылы Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі болып сайланған. Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Ол жазық рычагты жоғарғы класты механизмдер кинематикасы, кинетостатикасы, серпінді буынды механизмдер динамикасы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жазық және кеңістіктік жоғарғы класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде оның басшылығымен әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғылар жасалып, өндіріске енгізілді. Ол қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасап, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды. Аталған ғылым салалары бойынша ғалымның 400-ден аса ғылыми еңбектері, 12 монографиясы жарық көрген. 30-дан аса оқулықтары мен оқу құралдарының, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттердің авторы. Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту ордендарымен, бірнеше медальмен, оның ішінде Халықаралық және ресейлік ғылыми-инженерлік бірлестіктердің Г.В.Шухов атындағы алтын медалімен, әл-Хорезми атындағы халықаралық фестивальдің алтын медалімен, Халықаралық инженерлік академияның күміс медалімен марапатталған. Өмірбек Жолдасбековтың есімі Механика және машинатану институтына, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығындағы Студенттер сарайына, университет мұражайына, сондай-ақ, Алматы және Шымкент қалаларындағы көшелерге берілген.
64 жыл бұрын (1959) Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Құлтайұлы ӘМІРЕЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Душанбе мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген. 1981-1996 жылдары Йемен, Ливан мемлекеттерінде тілмаш, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Ирак мемлекетінде тілмаш қызметтерін атқарған. 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн мемлекеттеріндегі, Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болған. Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. 2018-2021 жылдары Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы. Түркітілдес елдері ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы (2021-2022).
2022 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен марапатталған.
51 жыл бұрын(1972) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы Қайрат Михайлович АҚТАНОВ дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Суаткөл ауылында дүниеге келген.
1997 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметнің Әскери институтын, 2005 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін, 2012 жылы РФ Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдаған.
1997-2013 жылдар аралығында Ішкі әскерлерде взвод командирінен құрама командиріне дейінгі түрлі лауазымдарда қызмет етті.
2014 жылдың мамыры мен 2014 жылдың маусымы аралығында – ҚР ІІМ Ішкі әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы.
2014 жылдың маусымы мен 2017 жылдың қаңтары аралығында – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы.
2017 жылғы 26-қаңтарынан – ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы.
2019 жылғы мамыр-қараша аралығында – ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы.
2020 жылғы ақпан-тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының кеңесшісі.
2020-2022 жж. – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы Бас штаб бастығының бірінші орынбасары.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, Қазақстан Республикасының 9 медалімен марапатталған.
ҚР Президентінің 2015 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен «генерал-майор» әскери шені берілді.
50 жыл бұрын (1973) Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры - Талғат Бегімұлы ҚАЛИЕВ дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1997 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «инженер-механик» мамандығымен, 2013 жылы Ресей ғылым академиясы институтының аспирантурасын бітірген. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1997 жылы техникалық қауіпсіздігі бойынша инженер болып бастаған. 1999-2000 жылдары «Студент» газетінің тілшісі, «Время» газетінің штаттан тыс тілшісі, 2000-2004 жылдары «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары, Астанадағы «НП» меншікті тілшісі болған. 2004-2006 жылдары «Қазақстан» РТРК ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, 2006-2007 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі, 2007-2008 жылдары ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, 2008 жылы Әзербайжандағы ҚР елшісінің кеңесшісі, 2008-2009 жылдары «Нұр Отан» ХДП төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2009-2017 жылдары «Researching&Communication Agency» директоры. 2017-2019 жылдары «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры. 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметін атқарды. Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың мамыр айынан бері.
42 жыл бұрын (1980) ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы - Талғат Тілеубекұлы ЛАСТАЕВдүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын «Қазагроөнеркәсіп банкі» ААҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының маманы болып бастады. «Қостанай құс» ААҚ жабдықтау жөніндегі бас маман, «Қостанай құс» ААҚ жабдықтау бөлімінің бастығы, «Қостанай құс» ААҚ вице-президенті, «Черемшанка құс фабрикасы плюс» ЖШС директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік-коммуникация кешенін дамыту департаментінің автомобиль жолдарын дамыту басқармасының бастығы, 2008 жылдың шілде айынан Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті сапаны бақылау басқармасының бастығы болды. 2009 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. 2014 жылдың қазан айынан бері Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы (2017-2019).
2019 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.