1 наурызда елордада өтетін маңызды шаралар аңдатпасы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі 1 наурыз күні елордада өтетін маңызды шаралар аңдатпасын ұсынады.
9.00-де Үкімет үйінде кезекті Үкімет отырысы өтеді. Күн тәртібінде кәсіпкерлік қызметті «жаңа парақтан бастап» реттеу тәсілдерін іске асыру, әлеуметтік және еңбек салаларын цифрландыру қаралады. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.
9.30-да Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне арналған конкурстардың жеңімпаздарын марапаттайды. Сондай-ақ техника мен құтқару жабдықтарының көрмесін, концерттік бағдарлама ұсынады.
11.00-де Қазмедиа орталығында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі өтеді.
11.00-де ҚР Ұлттық музейінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Мейірім» әлеуметтік жобасы аясында ерекше білім беруді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мейіріміңіз үшін мың алғыс!» мерекелік шарасы өтеді.
14.30-да @л-Фараби атындағы оқушылар сарайында Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев Алғыс айту күніне орай қиын жағдайға тап болған адамдарды құтқарып, батылдық көрсеткен және дарынды балалардың аналарымен кездеседі.
19.00-де «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымдары мен жеке орындаушылары Алғыс айту күніне арналған «Дала дәстүрі» мерекелік концертін өткізеді.