1 сәуірге дейін ЖЭО мен жылу желілеріне аудит жүргізу аяқталады
«Энергетика саласындағы маңызды міндеттердің бірі - жылумен жабдықтау мәселесі. Жылу электр орталықтарының тозуынан Екібастұз, Риддер және Рудный қалаларында не болғанын білесіздер. Проблема әлі де біраз қалада бар және ол жылдар бойы жинақталған. Жылу электр орталықтарының тозуы 60%-ға жетсе, ал жылу желілерінің 70%-ға жуығы тозған. Өкінішке қарай, әкімдердің барлығы бірдей жағдайдан хабары болмады, әрекет жасамады. Яғни Үкіметке уақытында дабыл қақпады, соңы немен аяқталғаны баршаға аян», - деді Роман Скляр Энергетика министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, Энергетика министрлігі биыл 1 сәуірге дейін барлық жылу электр орталықтары мен жыл желілерінің аудитін аяқтауы керек.
«Объектілердің техникалық жағдайын қайта қарап, қайсысы бірінші кезекте жөндеуді қажет ететінін көрсетуі керек. Аудит қорытындылары мен одан әрі іс-қимылдарды энергетикалық кеңестің отырысында қарастырамыз. Тозу проблемаларын шешумен қатар, жаңа жылу электр орталықтарын салумен қатар айналысамыз. Биыл Астанада ЖЭО-3 құрылысын аяқтау және алматылық екі ЖЭО-ны газға ауыстыруды маңызды. Сондай-ақ, Қызылорда, Көкшетау және Семей қалаларында ЖЭО салу бойынша инвесторлармен тиісті жұмыс жүргізу қажет», - дейді ол.