1 сәуірден бастап Жамбыл облысындағы Күйік асуында көлік қозғалысына шектеу қойылады

ТАРАЗ. KAZINFORM – 1 сәуірден бастап республикалық маңызы бар «Ташкент - Шымкент - Тараз - Алматы - Қорғас» автожолының 546-557 шақырымы, яғни, ескі Күйік асуында көлік қозғалысына шектеу қойылады. Бұл жол Жамбыл облысының Жамбыл және Жуалы аудандары арқылы өтеді.

жол
Фото: АлександрПавский/Kazinform

«1970 жылдары салынғаннан бері аталмыш жолдың бұл учаскесінде қайта немесе күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жол жүргені үшін осы учаскеде ақы алынбайды. Автокөліктердің қауіпсіздігі мен тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ техникалық сипаттамаларды жақсарту үшін 2023 жылдың желтоқсан айында жалпы ұзындығы 12,3 км болатын осы учаскеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалды.  Аталған жұмысты жүзеге асыру 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Сол үшін 1 сәуірден бастап құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін осы аумақта көлік қозғалысына шектеу енгізіледі. Көлік ағынының барлық түрлері үшін Күйік асуы арқылы жаңадан салынған айналма жол арқылы қозғалысты ұйымдастыру жоспарланған», – деп хабарлады «ҚазАвтожол» компаниясы.

Қазіргі таңда жол жөндеу үшін дайындық жұмыстары басталды.

 

Соңғы жаңалықтар