1 шілде күні «KAZsport» мемлекеттік тұңғыш спорт телеарнасының салтанатты ашылу рәсімі өтеді
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - 1 шілде күні «ҚазМедиа» Орталығында «KAZsport» мемлекеттік тұңғыш спорт телеарнасының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз хатшысы Танакөз Ілиясова хабарлады.
Мерекеге белгілі қазақстандық спортшылар, Олимпиада ойындарының чемпиондары, халықаралық және республикалық спорт жарыстарының жеңімпаздары, спорт ардагерлері т.б. қатысады.
Жаңа спорт арнасы «Мәдениет», «Балапан» және 14 аймақтық телеарналар топтасқан «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді. Әрине бұл еліміздің барлық аймақтарынан тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндік береді. «KAZsport» телеарнасын «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тартау желісі мен кабелдік жүйеде хабар тарататын операторлар арқылы көруге болады.
«KAZsport» телеарнасында таралатын жалпы хабарлардың 70 %-ы тікелей және түпнұсқа трансляциялардан тұрады. Олардың негізгісі елімізде кең етек жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық беделді бәсекелер болмақ. Телекөрсетілімдер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы хабарлардың 20%-н жаңалықтар мен бағдарламалар, ал 10 %-н деректі фильмдер құрайды.