11:33, 01 Шілде 2017 | GMT +6
1 шілдеден бастап ХҚКО-лардан қазақстандық төлқұжатқа балалардың суретін жапсыруға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап шетелге шығатын ата-аналар 16 жасқа толмаған балаларының суреттерін төлқұжаттарына жапсыру бойынша мемлекеттік қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының хабарлауынша, осыған байланысты көші-қон қызметі қызметтерін алғысы келген Қазақстан азаматтары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінулері қажет. Ол үшін ата-аналар өздерімен бірге балаларының 3,5х4,5 см суретін, туу туралы куәлігінің түпнұқасын және өздерінің төлқұжаттарын алып келуі тиіс. Бұл ретте 227 теңге мөлшерінде баж салығы төленеді. Төлемді ХҚКО-ларда жүзеге асыруға болады.