1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді
АСТАНА. KAZINFORM — 30 сәуірге дейін конституциялық заң жобасы Президентке ұсынылмақ. Осыған орай заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимов Ата заңға енгізілетін негізгі өзгерістерді тарқатты.
— Конституцияның орындалуын қадағалау Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөліміне жүктеледі. Сонымен қатар Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар 1 шілдеге дейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді жаңа талаптарға сәйкестендіруі тиіс. Осы жұмыстар толық аяқталған соң, Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Оның басты ерекшелігі — бірпалаталы парламенттің енгізілуі. Бұл заң шығару процесін жеңілдетіп, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — деді спикер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Институционалдық өзгерістер аясында халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері де кеңейе түспек. Әсіресе, жаңа құрылымдардың рөлі артып, қоғам мен билік арасындағы байланыс нығаяды.

— Ата заңдағы өзгерістердің бірі — Халық кеңесінің маңызын күшейту. Енді ол мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін жаңа саяси алаңға айналады. Бұл — халық пікірін шешім қабылдау үдерісіне жүйелі түрде енгізетін тетік, — деді ол.
Жалпы, жаңа Конституцияның мазмұны құқықтық жүйе құруға негізделген.
— Жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі міндеттері нақты көрсетілген. Ең басты принцип — адам құқығы. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі де алдыңғы қатарға шықты. Білім, ғылым, инновация салаларына басымдық беріліп, әрбір азаматтың жеке деректері мен құқықтарын қорғау қарастырылған, — деді Жамаладин Ибрагимов.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты бірқатар заң әзірленеді.