1 тоқсанда мұнай және газ конденсатын өндіру 2 пайызға артты - ҚазМұнайГаз
АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - 1 тоқсанда мұнай және газ конденсатын өндірудің шоғырландырылған көлемі 5,4 млн. тоннаны құрады, бұл 2010 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішінен 2 пайызға артық, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
«Жедел алынған мәліметтерге қарағанда, есепті кезеңде мұнай және газ конденсатын өндірудің шоғырландырылған көлемі 5,4 млн. тоннаны құрады, бұл 2010 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 2 пайызға артық», - делінген таратылған ақпаратта.
Сонымен қатар, Мұнайды магистралды құбыр желілері арқылы тасымалдау 16,4 млн. тоннаны құрады. Мұнайды теңіз флотымен тасымалдау 11 пайызға өсіп, көлемі 2 млн. тоннаға жетті. Мұнайды магистральді құбырлармен тасымалдаудағы жүк айналымы 10,8 млрд. тонна-километрді құрады, бұл 2010 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға артық.
Есепті кезеңде 25,5 млрд. текше метрден астам газ тасымалданды, бұл 2010 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 1 пайызға артық.
2011 жылдың қаңтар-наурыз айларында ҚМГ ҰК компаниялары тобында (The Rompetrol Group-ты қоса есептегенде) 3,6 млн. тонна мұнай өңделді.